«Мектеп» баспасынан жарық көрген 11-сыныпқа арналған «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» оқулығы мектеп қабырғасынан бастап жастардың Отаны мен халқы алдындағы азаматтық борышын терең ұғынуын, әскери білім мен іс-тәжірибеге машықтануын, көлік жүргізу ісі, сондай-ақ төтенше жағдайларда қажет дағдыларды меңгеруге оқып-үйретуді мақсат етеді.
Аталған оқулықтың «Ақпараттық кеңістіктегі киберқауіпсіздік негіздері» деп аталатын тақырыбын қарастырып көрейік. Оқушылар қауіпсіздік бүкіл әлемде өзекті мәселе екендігін түсіне отырып, берілген материалдан киберқауіпсіздік терминінің мағынасын біліп, әлеуметтік желілерде қауіпсіз қарым-қатынас жасау және Wi-Fi желілерін қауіпсіз пайдалану ережелерімен танысады. Бүгінгі күні құқық бұзушылар құпия ақпаратты көшіріп алу мақсатымен кибершабуыл жасау көптеп белең алуда. Көбіне ақпаратты, қаржыны, тіпті мемлекеттік құпияларды да ұрлау жүзеге асырылып жатады. Жалпы еліміздегі Киберқауіпсіздік тұжырымдамасы бойынша, ақпараттық қауіпсіздік құпиялылықты, тұтастықты, қолжетімділікті қамтамасыз етуі тиіс.
Әлеуметтік желілерді пайдалану кезіндегі қауіптіліктерге жеке ақпаратты жария ету, қауіпті танысулар, қылмыскерлердің назарын аудару, кибербуллинг жатады. Оқулық материалдары жасөспірімдерге әлеуметтік желілерді қолдану барысында сақтық шараларын жасау қажеттігін ескертеді. Сонымен қатар Wi-Fi желілерін қауіпсіз пайдалану ережелерін ұсынады. Соның ішінде веб-сайттар мен қосымшаларды қорғау шараларын ұйымдастыру, бейресми қосымшаларды жүктеудан аулақ болу, жалпыға қолжетімді желілерді қолданғанда сақтық шараларын жасау қажеттігін ескертеді.
Тақырып соңында берілген сұрақтар мен тапсырмалар сабақты бекітуге көмектеседі. Сабақта берілген көрнекіліктер оқу материалына сай келеді. Параграфтағы «Біліміңді тексер», «Есте сақта», «Назар аударыңдар» атты айдарларда берілген мағлұматтар оқушылардың талдау, сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерін дамытады.
Материалды «Мектеп» баспасының және Oqulyqtar.kz білім беру платформасының баспасөз қызметі дайындады
Суреттер: «Мектеп» баспасы, Pixabay.com